📚МЕКТЕБІМІЗДІҢ ОҚУШЫСЫ АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫНА АРНАЛҒАН МОБИЛЬДІ ҚОСЫМШАНЫ ЖАСАП ШЫҒАРДЫ
Ақтөбе қаласындағы Ұзақбай Құлымбетов атындағы №64 жалпы білім беретін мектептің 7-сынып оқушысы Құрманғали Даниял қазақтың біртуар тұлғасы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы туралы толыққанды мағлұмат беретін мобильді қосымша жасап, көпшілікке ұсынды. Жас таланттың бұл жұмысы ұлы ағартушының өмірі мен еңбектерін бір жерге жинақтап, пайдаланушыларға қолжетімді ету мақсатында іске асырылған.
– «Ахмет Байтұрсынұлы туралы ақпараттар ғаламторда көп болғанымен, олар әртүрлі дереккөздерде шашыраңқы күйде кездеседі. Мен барлық мәліметтерді жүйелеп, бір қолдануға ыңғайлы платформада ұсынуды жөн көрдім. Нәтижесінде, осы мобильді қосымшаны жасап, Play Market интернет дүкеніне жүктедім», – дейді Даниял.
Қосымша бірнеше маңызды бөлімдерден тұрады: Ахмет Байтұрсынұлының өмірбаяны, шығармалары, нақыл сөздері, өлеңдері мен ғылыми еңбектері. Сонымен қатар, қосымшада ғалымның шығармашылығы бойынша тест ұйымдастырылған, бұл пайдаланушыларға білімдерін тексеруге мүмкіндік береді. Мәтіндермен қатар суреттер, бейнежазбалар мен сыртқы сілтемелер де қосымшаның мазмұнын байыта түскен.
Даниялдың айтуынша, бүгінге дейін қосымшаны Play Market платформасынан мыңға жуық адам жүктеп, оны өздерінің басты ақпарат көзіне айналдырған. Алдағы уақытта ол осындай ұлы тұлғаларға арналған басқа да қосымшалар әзірлеуді жоспарлап отыр.
– «Мақсатым – қазақ тілді мобильді қосымшаларды көбейтіп, ана тілімізде цифрлық өнімдер жасаудың маңыздылығын арттыру», – деп өз ойымен бөлісті оқушы.
Даниялдың бұл жобасы ұстазы Ербол Медеуовтың жетекшілігімен жүзеге асқан. Дарынды оқушының осы бастамасы Қазақстандағы қазақ тіліндегі цифрлық контенттің дамуына өз үлесін қосары анық.⤵️⤵️⤵️
@64mektep_aktobe